ШҚО-да белгісіз ер адам оқушы қыздарды қорқытқан. Бұл туралы сол қыздардың бірінің анасы айтып, куәгерлердің хабарласуын сұрады. Оның айтуынша, ер адам мектептен шыққан 2-сыныптың екі оқушысын үйге жеткізіп тастаймын деп, өзімен бірге алып кетпекші болған. Бірақ кішкентай қыздар оған ілеспеген деп жазады YK-news.kz.
Әйелдің сөзіне қарағанда, бұл оқиға 18 қаңтарда сағат 17.00 шамасында №11 мектептің ауласында болған. «Екінші сыныпта оқитын қызым құрбысымен бірге мектептің ауласына шыққан. Сол сәтте екеуінің жанына белгісіз ер адам келіп, оларды үйлеріңе жеткізіп саламын деп біраз уақытқа дейін тұрып алыпты. Оқушылар одан шошып, қашып кеткен. Бұл сәт мектептің бейнебақылау камерасына түспеген. Өйткені, ортадағы қабырға ер адамды жауып тұрады», – дейді әйел. Қызының өміріне әлдекім қауіп төндірмекші болды деген әйел осыдан кейін дереу мектепте ата-аналар жиналысын өткізген. Дегенмен, мектеп әкімшілігі оның бұл ісін құптамапты. Шарқ ұрған әйел ендігіде сол оқиғаны көрген куәгерлерді әлеуметтік желі бойынша іздестіретінін мәлімдеді.