$ 498.34  519.72  4.85

Павлодар облысында 11 380 адам қатерлі ісікпен есепте тұр

Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Айдар Ситказинов мәлімдеді деп жазады Рavlodarnews.kz.

«Оның 754-іне қауіпті диагноз тұңғыш рет қойылды. Аймағымызда сүт безінің қатерлі ісігі, өкпе қатерлі ісігі, асқазан және тері қатерлі ісігі көп тіркелген. Қазақстанда тегін медициналық көмек көрсетудің кепілді көлемі аясында профилактикалық скринингтің үш түрін өтуге болады. Әр азамат өздері тіркелген емханаларда скринингтен ақысыз өте алады», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Айдар Ситказинов.

Ресми деректерге сүйенсек, былтыр қатерлі ісіктен 14 406 отандасымыз көз жұмған. Онкологиялық аурулардан болған өлім-жітім көрсеткіші бойынша Шығыс Қазақстан (1757), Қарағанды (1284) облыстары, сондай-ақ, Алматы қаласы (1611) көш бастап тұр. Павлодар өңірінде қатерлі ісіктен 920 адам көз жұмған.

2019 жылы мемлекет профилактикалық мақсаттағы скринингтерге 4,3 млрд теңге бөлінген. Павлодар облысы бойынша бұл сома 218 млн теңгені құрады. Скрининг 40-70 жас аралығындағы әйелдерді маммографиялық тексеруден өткізу, 30-70 жас аралығындағы әйелдерді жатыр мойны қатерлі ісігіне тексеру және 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдерді тоқ ішек пен тік ішек обырына тексеру түрлерінен тұрады.

«Егер дер кезінде скринингтік зерттеулер жүргізілсе, онкологиялық аурулардың басым бөлігін ерте анықтауға болады. Обырды дер кезінде анықтау ем-домның нәтижесін арттырып, пациенттердің өмірін ұзартуға, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мысалы, сүт безі обырын бастапқы кезеңде анықтаған жағдайда науқастардың 94 пайызын толық емдеп жазуға болады. Ал, емге кететін шығын 200 есеге қысқарар еді», - дейді Айдар Ситказинов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары