17.02.2019, 08:46

Франция полициясы "сары жилеттілерге" газ шашты

16 ақпанда Францияда "сары жилеттілер" қозғалысының мүшелері тағы да наразылық акциясын өткізді. Сенбі күні кешке қарай Францияның ішкі істер министрлігі елдің түрлі қалаларында өткен акцияға жалпы 41 500 адам қатысқанын мәлімдеді деп жазады Азаттық. 

Париждегі наразылық шарасына төрт мың адам келген.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Париж бен өзге қалаларда наразы топ пен полиция арасында қақтығыс болған. Сақшылар акцияға келгендерді тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданған.

Парижде сенбі күні жүздеген адам түске дейін Шарль де Голль алаңына жиналып, Елисей алаңы бойымен жүрген. Өзге қалаларда өткен акцияға мұнан да көбірек адам қатысқан.

Бірнеше күн бұрын Францияның ішкі істер министрі Кристоф Кастанер үш айға созылған наразылық акциялары кезінде полиция 8400 адамды ұстағанын мәлімдеген еді. Сот митингте ұсталған 1800 адамға қатысты шешім шығарған. Бір жарым мың адамның ісі әлі қаралып жатыр. Шерушілермен қақтығыста 1300 полицей зардап шеккен.

 

"Сары жилеттілер" қозғалысы биліктің жанармай салығын қымбаттатуына қарсылықтан басталған. Кейін Франция билігі жанармай салығын өсіруге мораторий жариялаған, алайда наразылар президент Эммануэль Макронның экономикалық саясатына қарсылық акциясын жалғастыра беретіндерін мәлімдеген. Билік наразылық акцияларын қоздырып отыр деп әсіреоңшыл және әсіресолшыл күштерді айыптаған.