Елордалық полицейлер металл қабылдау бекеттерінің заңсыз қызметін анықтау және оның жолын кесу бойынша іс-шараларды өткізуді жалғастыруда, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Қалалық полиция департаментінде белгілі болғандай, тәртіп сақшылары қоқыс жәшіктерін ұрлады деген күдікпен ер адамды ұстады.
«21 ақпанда полицияға ПИК өкілінен түнгі уақытта белгісіз тұлғалардың 20-дан астам қоқыс жәшіктерін ұрлап кеткендігі туралы хабарлама келіп түсті. Полиция 30 жастағы жергілікті тұрғынды анықтап, ұстады. Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», – делінген хабарламада.
Қ.Байсетова көшесіндегі металл қабылдау пунктінде қоқыс жәшіктері тәркіленді. Қабылдау пунктінің иесіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіледі.
«Елордада ұрланған металл қабылдайтын пункттерді анықтау үшін 22-24 ақпан аралығында «Цветмет» жергілікті-рейдтік іс-шаралар өткізіледі», – делінген департаменттің баспасөз хабарламасында.