Астананың сол жағалауында салынатын хайуанаттар бағына Солтүстік Америка, Оңтүстік Америка мен Африкадан жануарлар жеткізіледі.
Зоопарктің жалпы ауданы 50 гектарды құрайды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттінің ресми сауалына жауап бере отырып, Астана қаласының құрылыс басқармасы хабарлады.
«Қазір «Астана қаласында хайуанаттар бағының құрылысы» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі ғана әзірленген. Жобаны әзірлеуші «ППК» жобалау-құрылыс компаниясы» ЖШС. Жоба бойынша, хайуанаттар бағы аумағының жалпы ауданы 50 га болмақ. Құрылыстың жер телімі ипподромнан оңтүстік-батысқа қарай, Астана қаласының сол жағалауы бөлігінде орналасқан», - деп хабарлады басқарма.
Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне сай, құрылыстың есептеу құны 24,31 млрд.теңгені құраған. Әзірге, қаржыландыру бөлінбеген соң, жұмыстың жобасы дайын болмай отыр.
«Хайуанаттар бағына жануарлардың 49 түрін орналастыру, негізінен Солтүстік Америка, Оңтүстік Америка және Африка секілді аймақтардан әкелу жоспарлануда. Хайуанаттар бағының аумағына әкімшілік корпус, қызметтік ғимарат, шаруашылық ауласы, оранжерея, жануарларға арналған жабық павильондар, қоймалар, сорғы станциясы және өзге де нысандар орналасатын болады. Қызметкерлер құрамының саны 287 адамды құрамақ»,-дейді басқарма агенттіктің сауалына жауап бере отырып.