Астана тұрғыны №2 перианталды орталығында дәрігерлердің көмегін күтпестен босанып қойды деп жазады «NewTimes.kz».
Бұл жайында 31 жастағы Ұлбосын Кенжаева Facebook әлеуметтік желісіндегі «Астана - хочу похвалить/пожаловаться» тобында жазды. Оның айтуынша, оқиға 19 ақпанда болған.
«Босану кезінде жанымда медицина қызметкерлері болмады. Айғайладым, шыңғырдым ешкім келмей қойды. Ақырында еденде босанып қалдым. Баланы қолыма алып, есікке әзерге жеттім. 21 ғасырда Астанада осындай жағдай болып жатыр. Бұл сұмдық емес пе? Бейнебақылау камерасына түсіп қалған видеоны сұрадым. Бірақ олар бермей отыр», – деп жазды әйел.
Елорда әкімшілігі бұл оқиғаны растады. Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Босандыру залында дәрігерлер сағат 12:25-тен 12:50-ге дейін төрт әйелді босандырып жатқан және күрделі ота жасалған. 12:50 шамасында Кенжаеваның толғағы басталып, босанып қойыпты. 3 355 грамм және 55 см болатын ұл бала дүниеге келген», – деп хабарлады баспасөз қызметі.