Көшеден танысқан адам Әзиза Жәлелдің іші-бауырына кіріп, бар сырын біліп, оны 8 ай бойы қорқытып, зорлап келген. Бұл туралы Ләйлә Сұлтанқызы мен Алмас Алтай жүргізетін 7-арнаның «Өз ойым» бағдарламасында айтылды.
Әзиза бейтаныс жігітпен танысқанда медбике боп жұмыс істеп жүрген. Мінезі ашық еді деген әпкесі Динара сіңлісінің соңғы кездері өзгере бастағанын байқаған.
«Сіңлім көшеде бір өзбек жігітпен танысқан. Анама келіп айтты. Үйленгісі келетінін де жеткізді. Бірақ анам қарсы болды. Бір көргеннен ұнатпады оны. Әзиза тыңдамады. Кейін ол тұйықталып кетті. Сөйтсе, ол сіңлімді видео арқылы қорқытып, зорлап келген екен», – дейді Динара.
Әзиза болса, жігітке әкесінің 2013 жылы қайтыс болғанын айтқан. Арада 2 апта өткен соң олар көлікте жыныстық қатынасқа түскен.
«Болар іс болғаннан кейін менен ақша сұрады. Менде ақша жоқ дедім. «Егер тауып бермесең, менімен жыныстық қатынасқа түскен видеоңды жариялаймын. Ата-анаңа айтамын жезөкше екеніңді» деді. Сөйтіп, 30 шақты рет зорлады», – деген бойжеткен студия жылап жіберді.
Азизаны әлгі жігіт 8 ай бойы қорқытып, зорлап, тіпті бірнеше банктен несие алғызған екен. Бағдарламаға келген заңгер мен психолог Әзизаға тегін көмек көрсетіп, заң жүзінде істі соңына дейін жеткізуге сөз берді.
Еске сала кетейік, 2018 жылдың 6 айында 176 адам сексуалдық мәнде зорлық көрсеткені үшін сотталған. Олардың 75-і зорлағаны, 66-сы сексуалдық мәнде зорлық әрекеттері үшін сотталған.