19.10.2015, 11:24

Жол ережесін бұзған полицейге айыппұл салынды

www.inform.kz

Алматыда айналма жолмен дұрыс жүрмеген полиция қызметкеріне 60 мың теңге көлемінде айыппұл салынды деп хабарлайды Kolesa.kz.

Жол жүру ережесіне сәйкес, айналма жолдан шығып кету үшін жолдың оң қапталымен жүру керек. Ал, тәртіп сақшысы жолдың ортаңғы жолағымен арқылы кесіп өткен. Бұл жайт 27 қыркүйек күні тіркелген болатын. 

Полицейдің жол ережесін бұзған сәтін куәгерлердің бірі бейнекамераға жазып алып, Алматы қалалық ІІД-не өткізген. Іспен танысып шыққан ішкі қауіпсіздік басқармасының мамандары капитан Жұмабаевқа 30 АЕК көлемінде айыппұл салды.

Айта кетейік, 15 қазан күні ақтаулық полицейдің де жол ережесін өрескел бұзғандығы хабарланған болатын. Тәртіп сақшысының жаяу жүргіншілердің өтуіне рұқсат етілмеген бөліктен жүгіріп өткенін куәгерлер бейнекамераға түсіріп алған. Маңғыстау облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, ереже бұзған қызметкер міндетті түрде тиісті жазасын алатын болады. Ал, жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтудің айыбы 5 АЕК-ты (9910 теңге) құрайды.