Жаңалықтар 07.03.2019 сағат 11:00

Бауыржан Байбек Алматының шет аймақтарындағы жолдарды жөндеуді тапсырды

Алматы әкімі Бауыржан Байбек мегаполистің шет аймақтарын абаттандыру, жолдарды салу мен жөндеу жұмыстарын барынша қарқынды жүргізуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бауыржан Байбек Алматының шет аймақтарындағы жолдарды жөндеуді тапсырды
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Бауыржан Байбек аудан тұрғындарының шағымына назар аударды. 

Қаланың шет аудандарындағы бірқатар көшеде асфальт салынбаған. Нәтижесінде адамдар балшық кешуге мәжбүр. Соңғы айда 110 шағым түскен. Кейбір ықшам аудандарда инженерлік желілерді жүргізген мердігерлердің жауапсыздығынан келеңсіз жағдайлар қалыптасқан. 

«Маған Алатау ауданының тұрғындарынан шағым жиі түседі. Адамдарды қинамай, жағдайды түзету қажет. Осыған орай, 12 ықшам ауданда жол салу үшін республикалық бюджеттен жоспарланған 3 млрд теңгеге қоса Стратегия және бюджеттік жоспарлау басқармасына бірқатар жобаларды оңтайландырып, жергілікті бюджеттен тағы 4 млрд теңге бөлуді тапсырамын. Аудан әкімі тиісті басқармалармен бірге жұмыстың сапасы үшін жеке жауап береді. Мен жиі барып, атқарған жұмыстарыңды тексеріп тұрамын», - деді Бауыржан Байбек «Нұр Отан» партиясы қалалық бюросының жиынында. 

Осылайша, Алатау ауданындағы «Ақбұлақ», «Қарасу», «Ұлжан-2», «Алғабас-АЗТМ», «Әйгерім-1», «Әйгерім-2», «Ұлжан-1», «Шаңырақ-1», «Шаңырақ-2», «Томирис», «Дархан-Байбесік», «Көк Қайнар» ықшам аудандарындағы 440-тан астам көшеге ұзындығы 120 км болатын жолдар салынады және жөнделеді. 

Айта кетерлігі, жақында Бауыржан Байбек алдағы кезде жөнделетін жолдар мен тротуарларға қатысты жұмыс кеңесін өткізген еді. Биыл  ұзындығы 111 км болатын 120-дан астам көшеге ағымдағы орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 

Бұлардан өзге, қала басшысы ашық қалған люктар мен беті жабылмаған орларға қатысты шағымдардың жиі түсетінін, мұндай келеңсіздіктердің орталық даңғылдар мен аудандық мәні бар көшелерінде орын алғанын атап өтті. 

Қалалық мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев ауа райы қолайлы болса барлық магистральді көшелерде ағымдағы жөндеу жұмыстарының 10 күн ішінде жүргізілетінін айтты. 

Соңғы 10 жыл ішінде қалаға қосылған Алатау ауданын дамытуға билік 434 млрд теңге бөлген. Соның арқасында мұнда 12 мектеп, 5 емхана, 16 мемлекеттік және 151 жеке балабақша, «Ақбұлақ», «Алғабас-6», «Саялы» ықшам аудандары, бірқатар спорт және мәдени кешендер, оның ішінде «Алматы Арена», «Алатау» дәстүрлі өнер театры бой көтерді. Инфрақұрылымды дамыту үшін 223 км электр, 276 км газ желілері, 688 км су, 453 км кәріз құбырлары тартылды. 93 км жол және үш жолайрық салынды.

 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Қызықты материалдар