11.03.2019, 04:45

Эфиопияда құлаған ұшақта БҰҰ-ның 19 қызметкері болған

БҰҰ басшысы Антониу Гутерриш Эфиопиядағы әуе апатында қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты. Ұшақ бортында БҰҰ-ның 19 қызметкері болған деп хабарлайды ұйым сайты.

«Бас хатшы қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына, оның ішінде БҰҰ қызметкерлерінің отбасыларына, сондай-ақ, Эфиопия үкіметі мен халқына шын жүректен көңіл айтады», - делінген БҰҰ басшысының баспасөз хатшысының мәлімдемесінде.

Қаза тапқан 19 адам БҰҰ мекемелерінің, оның ішінде көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның, дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының, БҰҰ босқындар ісі жөніндегі басқармасының, БҰҰ қоршаған орта және дүниежүзілік банк бағдарламаларының қызметкерлері болған. 

Еске салсақ, 10 наурызда таңертең Ethiopian Airlines авиакомпаниясының Boeing 737 ұшағы эфиопиялық Дэбрэ-Зэйт қаласының маңында апатқа ұшырады. Бортта экипаждың сегіз мүшесін қоса алғанда 157 адам болған. Қаза тапқандардың арасында – 35 елдің өкілі бар, олардың үшеуі ресей азаматы.

Дереккөз: Tengrinews.kz