Шымкентте биыл күн күрт ысып, ағаштар ерте гүлдеді. Қалада әсіресе жеміс ағаштарының ішінде көктемді бірінші болып сезетін өріктер гүл ашты деп жазады ҚазАқпарат.
Қазір қалада ауа температурасы +19 +24 градусқа дейін жетіп отыр. Ал, түнде термометр көрсеткіштері шамамен +4 +9, кей жерлерде +1 градусты көрсетіп тұр.
Жергілікті синоптиктердің болжауынша, осындай жылы ауа райы наурыздың 19-на дейін сақталады.
«19 немесе 20 наурыздан бастап жаңбыр күтілуде. Ауа температурасы жаңбырдың әсерінен төмендеуі мүмкін. Ол кезде бір қатты төмендейді деп айта алмаймыз. Онда да плюстік температура сақталады»,- дейді метеоролог Динара Айтмырзаева.