Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Жайық өзеніндегі балықтардың қырылу себебін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жайық өзенінде балықтың қырылуы бойынша алғашқы факт анықталған кезде - өткен жылдың желтоқсан айында бірден ведомствоаралық комиссия құрылған болатын. Оның құрамына барлық жауапты мемлекеттік органдардың - қалалық әкімдіктен бастап табиғат қорғау прокуратурасының өкілдері кірді. Әу баста әртүрлі нұсқалар айтылып жатты. Мәселен, қатал қыста мұздың қалыңдығынан оттегінің жетіспей қалуы салдарынан балықтар тұншығып қалды деген болжам болды. Бұдан бөлек, балықтың қырылуына эпидемия себеп болды деген болжам да айтылып жатты. Ақыры, комиссия - бұған химиялық улану себеп болды деген шешімге келді», - деді Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.
Министр сонымен бірге бұл жағдайға кім кінәлі деген сұраққа жауабын бере кетті.
«Қазіргі уақытта маған белгілі болып отырғандай, өзенге зиянды химикаттарды шығарды деген күдікке 4 компания ілігіп отыр. Осы компаниялардың бәріне тексеріс жүргізіліп жатыр. Бірақ, кімнің нақты айыпты екенін тергеу көрсетеді. Ең бастысы, тұтынуға келмейтін балықты дүкендердің сөресіне түсіп кетпеуі бағытында барлық шаралар қолға алынып жатыр. Бұл шаруамен тиісті қызметтер, ветеринария мен санэпидемстанция қызметтері айналысуда. Олар Атырау қаласының дүкендеріне күнделікті рейд жүргізіп жүр», - дейді Дәурен Абаев.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Атырау облысында балықтың қырылғаны туралы бірнеше ақпарат жариялаған болатынбыз. Нақтырақ айтқанда, өткен жылдың желтоқсан айының басында Атырау қаласының сыртындағы Перетаск шағын өзенінде балықтардың жаппай қырылу оқиғасы тіркелген еді.
Арада апта өтпей Атырау облысындағы Жайық өзенінде балықтардың жаппай қырылғаны анықталған.
Айта кетейік, Атырауда Жайық өзенін балық өлекселерінен тазарту шаралары қолға алынды.