22.10.2015, 08:18

Екі тәуліктен соң күн қайта жылынады

khabar.kz

Астанадағы көктайғақ тағы екі күн сақталады. Бұл туралы «Қазгидромет» кәсіпорнының жетекші инженер-синоптигі Әсия Рақымова хабарлады. 

«Көктайғақ бүгін түнде де сақталады, қар жауады. 23 қазанда да көктайғақ болады деп болжап отырмыз. 24 қазанда қар еріп, кешке күн салқындағанда кей жерлерде көктайғақ болады, ал 25 қазанда көктайғақтың болуы тоқталады», - деді Рақымова.

Оның сөзіне қарағанда, 24 қазаннан бастап ауа температурасы көтеріле бастайды. Бірақ 24 қазан күні түнде 8-10 градус суық болып, күндіз 0 градус, ал 25 қазанда түнде 5-7 градус суық, ал күндіз 3-5 градус жылы болады.

Синоптиктің мәліметінше, алдағы күндерде еліміздің басым аумағында күн жауын-шашынды болады. «Жауын-шашынды болады деп болжап отырмыз, қар жауып, кей жерлерде бұрқасын болады. Тек батыс пен солтүстік-батыста күн ашық болады деп күтіліп отыр. (...) Екінші және үшінші тәулікте батыстың кей жерлерінде жауын жауып, тұман түсіп, көктайғақ болып, жел күшейеді. Солтүстік, орталық және солтүстік-батыста жауын-шашын тоқтайды. Күн ашық болады. Оңтүстік пен оңтүстік-шығыстағы таулы аймақтарда 24 қазанда жауын жауып, тұман түсіп, жел күшейеді», - деп хабарлады жетекші инженер.