Интернет қолжетімді болған сайын жаңа есімдер көп танылып келеді. Бір блогердің аудиториясы Қазақстанда ең көп оқылады деген газеттердің тиражынан асып түсіп жатыр. Сондықтан, журналист барынша мол ақпаратпен қаруланып, ақпаратты басқарудың жолдарын үйренуі керек, оқырмандардың сенімін жаулап, тіпті, оқырмандарды пікірталасқа тарта білуі тиіс, деп жазады egemen.kz
Міне, Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің қолдауымен «Жастардың продюсерлік орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған семинарлар осы мақсатты көздеген болатын.
Аймақтық БАҚ-тарға арналған алғашқы семинар Қарағанды қаласынан басталған еді. 21-22 қыкүйек күндері қалам мен микрофонды «қару еткен» журналистер үшін интернеттегі оқырманға немесе көрерменге арналған мақаланы, болмаса, өзекті сюджетті сапалы дайындаудың жолдары мен дұрыс тарата білудің тәсілдері, осы материалдарды әлеуметтік желі арқылы «жарнамалаудың» тәртіптері туралы семинар өткен еді. Семинар тренерлері, атап айтсақ, Еуразиялық перспективалы проблемаларды зерттеу орталығының директоры, саясаттану PhD докторы Талғат Қалиев пен мультимедия саласындағы білікті журналист Ботагөз Омар дәстүрлі БАҚ пен онлайн-жобалардың айырмашылықтарын айтып бергентін. Ал семинар аясындағы практикалық сабақтардың арқасында шараға қатысушылар «Маэстро тұжырымдамасының» қалай жұмыс істейтінін біліп, тұтастай бір редакцияның жұмысы жеделдік пен сапаны үйлестіре ала ма деген сұрақтардың жауабын іздеді. Ал 24 қыркүйек күні Павлодар қаласында, 26 қыркүйек күні Астанада «Интернет – БАҚ-тың жаңа жанрлары. Инфографика, бейне-инфографика, слайд-шоу, бейнеслайд-шоу» тақырыптарында семинарлар өтті. Елордада семинарға қатысушылар Bestnews.kz ақпарат агенттігінің құрылу тарихымен танысып, агенттіктің жұмыс істеу қағидаттары, оқырманға жедел әрі нақты ақпарат берудің қиындығы туралы көріп-білген еді. Агенттіктің бас редакторы Жанар Сердалина қызық оқиғаларды баяндап, эксклюзивті жаңалықтарды қайдан табуға болатынын, ақпараттың тақырыбы мен сурет қандай рөл атқаратынын айтып берді. Ал 30 қыркүйек күні Алматы қаласында «Азаматтық журналистиканы дамыту. Ақпарат жасауда жаңа медиа-құралдардың алатын орны. Мультимедиалық журналистикада Твиттера, ВКонтакте, YourVision, Facebook және Kiwi құралдарын пайдалану мен ақпаратты интернет кеңістігінде тарату» тақырыбындағы семинардан басқа, «Қазақстанда БАҚ саласындағы заңнама» тақырыбы бойынша лекция тыңдалды. «Әділ сөз» қорының ақпараттық даулар жөніндегі қоғамдық сараптама орталығының жетекшісі Ғалия Әженова тренер ретінде өмірде болған жағдайларды мысалға ала отырып, журналист өз құқығын қалай қорғау керектігін, Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерді, жалпы, жала жабу, ар-намысқа тию мен жалған ақпарат берудің неге әкеліп соғатыны туралы әңгіме қозғады. Бұл семинарға қатысқан БАҚ өкілдеріне, студенттерге (Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттері) арнайы сертификаттар табысталды. Бұл семинарлардан өзге, «Жастардың продюсерлік орталығы» қоғамдық бірлестігі Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің қолдауымен Астана және Алматы қалаларында екі ірі республикалық конференцияны ойдағыдай ұйымдастырды. 2 қазан күні Астанада Интернетте қазақ тіліндегі контентті дамытуға арналған конференция өтіп, «Қазконтент» АҚ-тың сарапшы маманы Бисен Мақашев интернеттегі қазақ тілді сегментті жаңғыртудың жолдары туралы айтып берді. Бұл конференция аясында, сондай-ақ, Қазақстан блогерлер альянсының басқарма мүшесі Асқар Жапаров әрбір блогер өз контентін құру үшін күш салу керек деп атап өтті. Себебі, өз ұстанымы бар блогер әрқашан аудитория сеніміне ие бола алады. Баяндамашылар атап өткендей, Интернет қолжетімді болған сайын және блогсфера дамыған сайын пост авторларының халық алдындағы жауапкершілігі де арта бермек. Себебі, Қазақстанда да кез келген адам пост жазып, блогер атанатын және сол арқылы қоғамдық пікірге ықпал ете алатын жағдайға жетті. 1 қазан күні Алматы қаласына «Қазақстан азаматтары арасында блогерлер институтын дамыту, сондай-ақ, Қазнеттегі жаңалықтардың таныстырылымы» атты тақырыпта өткен республикалық конференция барысында жоғарыдағы мәселелер кеңінен талқыланды. Мысалы, yvision.kz блог-платформасының бас редакторы Рустам Ниязов өз сөзінде «блогер – әлеуметтік мәселелерге өте үлкен назар бөлетін азамат, сондықтан, ол жазған әр сөзі үшін жауап беретінін түсінуі керек» деп атап өтті. Ал өлкетанушы, aizhanhamit.kz онлайн-жобасының негізін қалаған Айжан Хамит өз әңгімесінде шалғайдағы облыстық музейлерден сирек кездесетін суреттерді тауып, жариялаудың қиындықтары туралы баяндады. Тіпті, әрбір мәдени құндылық – ол халықтың құндылығы екеніне қарамастан, бір музей директоры экслюзив экспонаттың суретін жариялауға бермей де қойған екен. Жалпы, бұл семинарлар мен конференциялардың қорытындысына келер болсақ, онлайн-жобалар, тіпті, инфографика мен шағын бейнематериал арқылы ғана халыққа қызықты ақпарат ұсынып қоймай, жастарға, қоғамға білім беру функциясын да атқара алатынына көз жетіп отыр. Ең бастысы, көштен қалмай жұмыс істеу.