21.03.2019, 05:25

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын тойлау басталды

«Железнодорожный» және «Промышленный» тұрғын алаптарында Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын тойлау басталды. Жиналған қауым мерекелік концерт тамашалап, тоғызқұмалақ пен асық ату ойындарында шеберлік байқасты, ұлттық тағамдардан дәм татып, киімдер көрмесін тамашалады жазады ҚазАқпарат.

Концерттік бағдарламаны Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасы ұйымдастырды. Клара Төленбаева, Дос, «Арт-Домбыра» және «Аламан»триолары, «Сарыарқа» және «Диарт» топтары, «Інкәрім» би ансамблі, «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің Гран-при иегері Жақсыкелді Маясаров және басқа да қазақстандық эстрада жұлдыздары келушілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Сонымен қатар, Промышленный тұрғын алабының «Замандастар» ардагерлер хорының солистері мерекеге арнайы дайындаған шығармаларын орындады. Бұдан басқа, аниматорлар мен бойшаң қуыршақтардың қатысуымен балаларға арналған интерактивті ойын-сауық ұйымдастырылды, тоғызқұмалақ пен асық ату жарыстарының жеңімпаздары естелік сыйлықтармен марапатталды.

Промышленный тұрғын алабының құрметті тұрғыны, «Замандастар» ардагерлер хорының бас солисі Жеңіс Бейсембаев қала тұрғындарын көктемгі мерекемен құттықтады: - Құрметті астаналықтар, Промышленный тұрғын алабының тұрғындары! Сіздерді Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Баршаңызға бақ-береке, молшылық, бақыт пен бар жақсылықты тілеймін. Қазақстан, алға! - деді ол. 

Еске салайық, тұрғын алаптарында Наурыз мейрамына орайластырылған халықтық серуендер жалғасын табады. 21 наурызда сағат 11.00-де Пригородный және Үркер, ал 22 наурызда сағат 11.00-де Казгородок, Өндіріс, Көктал-1 және Көктал-2 кенттерінде Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шаралар өтеді. Ал Интернациональный және Мичурино тұрғын алаптарында мерекелік концерт 18 наурызда болып өтті.