Өскемендегі Қабанбай батыр көшесінде орналасқан үйлердің бірінде өрт болды деп жазады ҚазАқпарат.
Өрт сөндірушілер оқиға туралы хабар алған соң шұғыл жетіп келгенмен, үй маңында қаптаған көліктер олардың үйге жетуіне қиындық туғызған. Құтқарушылар үйдің алтыншы қабатындағы өртке оранған пәтерден есінен танып қалған екі адамды сыртқа шығарды. Олар жедел жәрдем келгенше ер мен әйелге жасанды жолмен тыныс алдыруға әрекет жасаған. Өкінішке қарай, дәрігерлер оқиға орнына жеткенше әйел қайтыс болған, ал ер адам шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Өрт сөндірушілердің бір бөлігі бұл кезде қою түтінге оранған пәтерлердің 10 тұрғынын құтқарып, тағы 18-ін эвакуациялады.
Қазіргі кезде өрт шыққан пәтердің жоғарғы қабатында тұратын 2 әйел дәрігерлердің қарауында. Олардың екеуі де ыс тиген болуы мүмкін деген күдікпен ауруханаға жеткізілді.
Жалын 20 шаршы метрді шарпыған. 11 шамасында өрт толықтай сөндірілді.
Алдын ала деректер бойынша, тілсіз жаудың 2 түрлі себебі болуы мүмкін: алауды пайдалану кезінде сақ болмау немесе электр қондырғыларын пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау.