Алматыда толассыз жауған жаңбыр салдарынан 6 сәуірде қаланың бірнеше бөлігінде қозғалыс қиындап, көліктерге ағаш құлаған деп жазады Азаттық.
Әлеуметтік желіде тараған видеоларда арықтардың суға толып, көшелерді басқаны көрінеді. Кейбір жерлерде көліктер батпаққа батып, қозғала алмай қалған.
Жергілікті биліктің сенбі күні таратқан хабарламасында жауын-шашын маусымына байланысты "Алматы қаласында 5 сәуірден бастап тәулік бойы жұмыс істейтін кезекшілік ұйымдастырылғаны" жазылған. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, судың кедергісіз өтуі мен су сорғызу жұмыстарына 500-ге жуық адам, 132 техника, 25 мотопомп жұмылдырылған.
Ауа райы мамандары 6 сәуір кешке жаңбыр тоқтайтынын айтып отыр. Жексенбі, 7 сәуірде жаңбыр жаумайды дейді.
Қалада жаңбыр көп жауған сайын осыған ұқсас жағдай болып тұрады.