Ресейлік композитор Игорь Крутой қазақтың талантты жас әншісі Димаш Құдайбергенге арнап жаңа ән жазды. Бұл жөнінде өнер иесі өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазған.
«Мәскеудегі студияда жұмыс істеп жатырмыз. Жақында жаңа ән шығады. Игорь Яковлевич керемет дүние жазды, жақында естисіздер. Шаршасақ та, шабыттандық», – деп жазды Димаш.
Өз кезегінде Димаштың өнерін жоғары бағалайтын жанкүйерлері оған шығармашылық табыс және сәттілік тілеп, жылы лебіздерін білдірген.
Белгілі атақты орыс композиторы Игорь Крутойдың «Любовь уставших лебедей» атты композияциясын нақышына келтіріп орындап шыққан Димаш Құдайберген ресейліктерді бірден баурап алған болатын.
Еске сала кетейік, 22-23 наурызда жас талант иесі Мәскеуде Мемлекеттік Кремль сарайында жеке концертін өткізді. Оның шығармашылық кешіне әлемнің 50 елінен жанкүйерлері келді.