08.04.2019, 12:22

Шымкентте 11 айлық сәби ваннаға тұншығып қалды

Шымкентте жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері  ваннаға батып кеткен 11 айлық баланы құтқарып қалды. Жайсыз жағдай қаладағы жеке үйлердің бірінде болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, анасы баласын шомылдыру кезінде құлап кеткен. Сәби көп мөлшерде  су жұтып қойып, демала алмай қалған. Болмаған соң анасы жедел жәрдем қызметін шақырған. 

«Шақыртуға келген жедел жәрдем мамандары баланы тексеру кезінде оның ес-түзсіз әрі тыныс алмай жатқанын, сондай-ақ жүрегі соғылмай тұрғанын анықтаған. Сондықтан дәрігерлер шұғыл түрде реанимациялық шаралар жасаған. 3 минуттан кейін бала есін жиып, өз-өзіне келген. Сәтті реанимациялық іс-шаралар нәтижесінде бала аман қалып, тыныс алуы қалпына келтірілген. Сәби  қалалық балалар ауруханасына жеткізілді»,- делінген хабарламада.