09.04.2019, 03:21

Қостанайда ауылшаруашылығын цифрландырудан 900 млрд теңге түсті

Еліміздің солтүстік өңірі – Қостанай облысындағы цифрландыру жұмыстарынан 870 млн теңге табыс түсті. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов хабарлады.

«Цифрландыру дақылдарды өсіру технологиясын оңтайландыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, жанар-жағармай материалдарын, тұқымдарды, минералды тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғауға арналған өнімдерді жоюға серпін беріп, өнім көлемін арттыруға жағдай жасайды. Цифрландыру элементтерін енгізудің арқасында 7 агро компанияларды ғана есептегенде 870 млн теңге қаражат түсті», – дейді Ғ. Нұрмұхамбетов.

Ауылшаруашылығымен айналысатын өңірдегі компаниялар цифрлық форматқа көшудің арқасында дамудың жаңа арнасына көшті. Мәселен, «Трояна» ЖШС 400 гектар жерде паралельді жүргізу технологиясын қолданудың нәтижесінде жанар-жағармай мен тыңайтқыштарға кететін шығынды 1,5 есеге азайтқан. Ал «Жас-Қанат 2006» құс фабрикасы болса соңғы 5 жылда инновациялық технологияларды қолдана отырып, құс санын 3 есеге арттырған. Биыл олар жұмыртқаларды қаптайтын заманауи кешенді енгізбекші. Аталған технология еңбек өнімділігін 10 пайызға арттырып, жұмыртқа санын жылына 240 млн-ға дейін көбейтеді деп күтілуде.

Облыс әкімінің бірінші орынбасарының айтуынша, осындай мысалдардан соң аз уақытта цифрлық модельге көшу керек. Бұл дамуға апаратын негізгі элемент. Агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі инновациялық дамыту және тиімділігін арттыру міндеттерін табысты шешу үшін агроөнеркәсіптік кешеннің басым бағыттарын мемлекеттік қолдау көлемі артты.

Қазіргі таңда Қостанай облысының егістік жерлерінің 99,8 пайызы цифрландырылған. Жайылымдардың 80 пайызы, шабындық жерлердің 93 пайызы цифрландырылды.

Айта кетейік, аталмыш өңір еліміздегі аграрлық саласы дамыған аймақтардың біріне жатады. Ал осы салада «ақылды технологияларды» қолдану өнімнің өзіндік құнын 10-нан 15 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.