Ресейдің примадоннасы Алла Пугачеваның шығармашылық кешінде қонақ ретінде ән шырқаған қазақстандық жас әнші Димаш Құдайберген залда отырғандарды тағы бір рет қайталанбас сезімге бөлеп, баурап алды. Димаш Алла Пугачеваның репертуарындағы «Любовь, похожая на сон» әнін шырқағанда залда отырғандар көз жасына ерік берді. Әнді продюсер әрі композитор Игорь Крутой сүйемелдеді.
Таңғажайып даусымен қазақты әлемге танытқан өнер иесінің ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі фан-парақшасында сахнада өнер көрсеткен сәтінің бейнежазбасы жарияланған.
Дарынды әнші 29 маусымда елорданың туған күніне орай «Арнау» атты жеке ән кешін өткізуді жоспарлап отыр.
«Арнау шоуына билеттердің 20 пайызы ғана қалды. Қазақстанда 29 маусымда кездескенше күн жақсы», – деп жазды ол Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Еске сала кетейік, 22-23 наурызда жас талант иесі Мәскеудегі Мемлекеттік Кремль сарайында жеке концертін өткізді. Оның шығармашылық кешіне әлемнің 50-ден астам елінен жанкүйерлері келді.