2014 жылдың басынан бастап өрттен келген шығын 1,5 млрд. теңгеден асты, деп хабарлады бүгін ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті Мемлекеттік өрт бақылау және анықтау басқармасының басшысы Мейрамбек Қайсанов.
— 2014 жылдың өткен кезеңінде елімізде 7256 өрт тіркеліп, келтірілген материалдық шығын 1 млрд. 549 млн. теңгені құрады. 2013 жылмен салыстырғанда өрттің саны 18 пайызға өсіп, бұл ретте материалдық шығын 18 пайызға, адамдардың өлім-жітімі 23 пайызға төмендеді. Сонымен қатар, өрт кезінде жарақат алғандар саны 19 пайызға артты, — деді ол.
М.Қайсановтың айтуынша, өрт қауіпті кезең басталған сәттен бері орман қоры аумағында 250 рет өрт шығып, 2013 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өрттің 2,3 есе артқаны байқалды (2013 жылы - 108 өрт). Сонымен қатар, тілсіз жау шарпыған аумақ 23 пайызға кеміп, 1223 гектарды құрады.
2014 жылы келтірілген шығын сомасы 20 млн. 634 мың теңгеге жетті.