Жоғары жалақыны ауыл, аудан, облыс деңгейдегі бюджеттік сала қызметкерлері алады. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019-2021 жылдарға арналған бюджетке өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды.
«Енді 1 миллионнан астам ауыл, аудан, облыстағы айлығы төмен бюджеттік сала қызметкерлері 2019 жылдың 1 маусымынан бастап жоғары жалақы алады», – деп жазды президент өзінің Twitter парақшасында.
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап бюджеттік, әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға дейін көтерілетіндігін мәлімдеген еді. Аталған мақсатқа 2019-2021 жылы қосымша 980 млрд теңге бөлінетін болады. Сонымен қатар ол төмен жалақы алатын ауыл, аудан, облыс деңгейдегі атқарушы орган қызметкерлерінің жалақысын 25 пайызға көтеруді тапсырған еді. Нәтижесінде 37 мың мемлекеттік қызметкер жоғары жалақы алады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын көтеруды 1 маусымға ауыстыруды тапсырған болатын. Бүгін мемлекет басшысы үстеме ақыны миллионнан астам қызметкер алатынын мәлімдеді.