$ 494.87  520.65  4.91

Қарағандыда әкесі кепілге алған 2 жасар бала қалай құтқарылды?

ҚР Ішкі істер министрінің кеңесшісі - ресми өкілі Нұрділдә Ораз Қарағандыда әкесі кепілге алған 2 жасар сәбиді құтқару операциясы қалай жүргізілгенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«17 сәуір күні сағат 15.20-да «102» нөміріне қаланың 34 жастағы тұрғыны отбасылық жанжалдан кейін пәтердегі барлық туысын шығарып жіберіп, өзінің кішкентай қызын кепілге алғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына барлық шұғыл қызмет жіберілді. Полиция қызметкерлері пәтерге жақындағанда ол қызын өлтіремін деп айқай салған. Баланың өміріне қауіп төндірмеу үшін полиция қызметкерлері келіссөз жүргізген. Олар оқиға орнына аталған азаматтың ата-анасын шақырғанымен 34 жастағы тұрғын туыстарының қызды босату туралы өтініштерін қаперге алмады. Біраз уақыттан кейін ол Орталық қалалық мешітке бару үшін машина талап етті», - деді ол. 

Ресми өкілдің айтуынша, полиция қызметкерлері оның талабын орындаған. Осыдан кейін ол пәтерінен бір қолымен қызын көтеріп, екінші қолындағы пышағын оның мойнына тақау ұстап шыққан. Жанына ешкімді жолатпаған.  Машина мешітке жеткенше ол жерге арнайы қызмет тартылған және аумақ  толықтай қоршауға алынған. 

«Мешіт ішінде жігітпен келіссөзге имам араласты. Осы уақыт бойы ол қызын қыса ұстап, мойнына пышақ тақап тұрды. Ұзақ уақытқа созылған келіссөздерден кейін 34 жастағы тұрғын баланың мойнынан пышағын алып,  өзіне қол салмақ болды. Азамат кепілге алған баласын босатқан сәтте шалт қимылдаған арнайы бөлімше қызметкерлері оның өзіне қол жұмсауына еш мүмкіндік бермеді. Полицейлер ұстау барысында күдіктінің назарын аудару мақсатында оқ-дәрісі жоқ патроны бар табельдік қаруды қолданды. Ұсталған азамат полицияға жеткізілді. Операция барысында ешкім зардап шеккен жоқ.  Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 261-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Әйелінің айтуынша, күйеуі 2-топтағы мүгедек. Басқа ақпарат ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді», - деді Н.Ораз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары