02.11.2015, 05:25

«Астана» – «Атлетико» матчы кезінде елордада жолдар жабылады

3 қараша күні «Астана» футбол клубы Чемпиондар Лигасының топтық кезеңі аясында өз алаңында испаниялық «Атлетиконы» қабылдайды, деп хабарлайды Bnews.kz.

Сол күні сағат 21:00-ден бастап матч аяқталғанға дейін қоғамдық көлік пен такси қызметінен басқа көліктер үшін Қабанбай батыр даңғылы мен Тұран көшесінде (Керек-Жәнібек хандар дәне Хусейн бен Талал көшелерінің қиылысы аралығы) жол қозғалысы шектеледі. Ұсынылатын айналма жол – Орынбор көшесі.

Матч сағат 21:00-де басталады. Астана қаласының ІІД хабарлауынша, көрермендер үшін шаттл-автобустар ұйымдастырылып, матчтың соңында тұрғындарды бастапқы орынға жеткізеді.

Жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де автобустар көрермендерді мына мекен-жайларда жинайды:

1) «Әзірет Сұлтан» мешітінің автотұрағы; 2) «Нұр Астана» мешіті; 3) «Қазақстан» спорт сарайы; 4) Елордалық цирк; 5) «Жастар» театры; 6) Қ.Мұнайтпасов стадионы.