$ 443.85  474.3  4.8

Жат ағымдағы жігіттер тоқалдарынан қашып жүр

Ақтөбеде 25 жасында-ақ бірнеше әйел алып үлгерген намазхандар дағдарыс кезінде тоқалдарын тастап, қашып жатыр. Бүгінде «жолдасым көмектеспей кетті» деген тоқал келіншектер мешітке келіп, бас имамнан қолдау сұрап жүр деп хабарлайды Ақтөбеден NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысы «Нұр ғасыр» мешітінің бас имамы Әбдімүтәлі Дәуренбеков облыстағы діни ахуалдың қол қусырып отыратындай мәз емес екенін айтады. Сауатты имамдар жетіспейді. Оларды дайындау үшін бас имамға әлі 10 жыл керек екен. Қазір мешіттен көмек сұрап келетіндер көбейген.

«Кеше ғана жап-жас келіншектер келіп кетті. «Мені де, ана әйелін де бағып жатқан жоқ. Күйеуіміз алып, бізді тастап кетіп жатыр» дейді. Тоқалдардың мәз болып жүргені шамалы. Ешқайсысы жетісіп жүрген жоқ. Жылап жүр. Ер адамдарға қарағанда әйелдердің көп екені рас. Әр әйел ана болғысы келеді. Еркек жетіспейді. Сондықтан шариғат 4 әйелге дейін алуға рұқсат береді. Бірақ, әйел адам ойлану керек қой», – дейді «Нұр ғасыр» мешітінің бас имамы Әбдімүтәлі Дәуренбеков.

Бас имам бұл жерде өзінің бір әйел мен жеті баласын асырап отырғанын да айтып кетті.

«Енді тығырықтан шыға алмай, жылғанда да еңіреп жүр. Азамат болса, екі әйелін шақырып, барын бөліп беріп немесе жұмыс жасау керек қой. Ал бізде көкектер құсап қашып жүреді. Ана әйел ұрысса, екіншіге барады. Екіншісінен шықса, тағы басқасына барып бас сауғалайды. Осылай жүрген бауырларымыз бар. Бірнеше әйел алып, қазір сол әйелдерден өздері безіп жүргендердің дені 25 жастағы жігіттер», – дейді Дәуренбеков.

Бүгінде мешітке жылап келетіндер көбейген.

«Қоғамдағы кез келген жағдай бірінші мешітке сезіледі. Қазір адамдардың мінез-құлқы өзгерді. Дағдарыс бізге де байқалады. Адамдар көбіне мұңмен келеді. Бизнесім жүрмей қалды, баламның қарызы көбейіп кетті, саудасы жүрмей тұр деп келетіндер көп. Бұрын адамдар шаттанып жүретін еді. «Құдайға шүкір, бәрі жақсы» дейтін. Қазір көптің көңілінде қаяу бар», – деген бас имам облыстағы ахуалға алаңдап отыр.

«Мен әйелдерге ұрысамын. Сен біреуге төртінші болып ти, бірақ оның кім екенін білсейші. Сен одан ұрпақ көресің. Әкесі қандай болса, бала да сондай болады. Бәрін бұзатын әйелдер. Сендерді екінші, үшінші әйел қылып алып, тастап кетіп жатқандар сау адамдар емес. Жақсы жылтыр сөйлейді, елітіп алып кетеді. Ақылы бар, есі дұрыс адамдар екінші әйелден қашып жүреміз ғой. Біріншісін асырап алайық деп, қорқақтап. Әйел есті болса, еркек ешқайда кетпейді. Сондықтан қыздарды тәрбиелеуіміз керек», – дейді Ақтөбенің бас имамы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары