Оқиға 24 сәуір күні Алтай қаласында болған. 5 жастағы екі бала балабақшадан қашып кеткен екен, деп altaynews.kz.
Қалалық балабақшалардың бірінде тәрбиеші балаларды серуенге шығарады. Топқа қайта оралған кезде екі бүлдіршіннің жоғалып кеткенін аңғарған. Бірден мекеменің басшылығы, білім бөлімі мен балалардың ата-аналары хабардар етіледі.
Мекеме басшылығы бейнебақылау камерасынан саптың соңында келе жатқан екі баланың шетке қарай шығып, жасырынып қалғанын көреді. Дәл сол кезде балабақшаға қоқыс таситын көлік келіп, қақпа ашық қалады.
Осылайша, олар балабақшаның аумағынан қашып кеткен. Балаларды жақын маңдағы ауданнан іздей бастайды. Алайда олар қаланың басқа бөлігіне өтіп үлгерген екен. Іздеу жұмыстарына таксисттер де тартылып, қос тентекті солардың бірі тауып алыпты.
Белгілі болғандай, балалардың ата-аналары тәрбиешінің үстінен шағым түсірмеген. Десе де, балабақша қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданылатын болады.