Бүгін - Қазақстан халқының бірлігі күні. Мереке Қазақстан Республикасы президентінің 1995 жылғы 18 қазандағы жарлығымен бекітілген, деп жазады Sputniknews.kz.
Бұдан бұрын 1 мамырда Еңбек күні аталып өтетін.
Қазақстанның тұңғыш президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев талай рет айтқандай, этникалық бейбітшілік пен келісім саясаты – мемлекеттің негізгі басымдылықтарының бірі.
"Біздің барлық жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің мызғымас тұғыры – татулық пен тұтастық. Түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақтың, бір тудың астынан табылып, бүгінгідей еңселі ел, іргелі мемлекет атандық", — дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанда жүз елуден астам ұлт тұрады: қазақтар, орыстар, татарлар, өзбектер, украиндар, грузиндер, армяндар, шешендер, ингуштер, белорустар, корейлер, қырғыздар және тағы басқалары. Олардың басым көпшілігі Қазақстан Республикасына тарихи оқиғалардың салдарынан қоныстанған: көші-қон, ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы жаппай депортациялау және эвакуациялау. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері де әртүрлі ұлт өкілдері жұмыс істеу үшін келіп қоныстанып жатыр.
1995 жылдан ұлтаралық татулықты нығайтуды мақсат еткен Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмыс істеп келеді. Мереке қарсаңында Нұр-Сұлтанда Ассамблеяның кезекті сессиясы өтіп, бұл жолғы жиын "Бейбітшілік пен келісім формуласы: бірлік және жаңғыру" деген тақырыпқа арналды.
Сессия отырысын Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы, ҚХА төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Еліміздің маңызды оқиғасына республиканың барлық өңірінен 1300 делегат жиналды. Сондай-ақ, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Германия елдерінен де қонақтар келді.
Айта кетсек, 1 мамыр мемлекеттік мереке болғандықтан, бүгін – қазақстандықтар үшін демалыс күні.