03.05.2019, 09:14

Нұр-Сұлтанда наразылыққа шыққан азаматтарға қатысты айыппұл көлемі белгілі болды

3 мамырда Астана қалалық әкімшілік соты 1 мамырда наразылыққа шыққан азаматтардың бірі Бибігүл Тұяқоваға 40 АЕК (101 000 теңге) көлемінде айыппұл салды. Оның құқығын сотта қорғаған адвокат Бауыржан Азановтың айтуынша, Тұяқоваға "құқық қорғау орган өкіліне бағынбау" (Әкімшілік кодекстің 667-бап, 1-бөлімі) және "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" (488-бап, 1-бөлім) баптары бойынша екі айып тағылған, деп жазады Азаттық. 

"Екі бап бойынша кінәлі деп тауып, әрқайсысына 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды. Жалпы 40 АЕК" деді Азанов,

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда жалпы қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек жоқ. Кеше, 2 мамырда Алматы мен Нұр-Сұлтан соты бірнеше адамды 5-10 күнге қамап, айыппұл салған. 3 мамырда наразылыққа қатысқан Ермекбол Тілеухан 10 күнге қамалды.

Азаттық анықтай алған дерек бойынша 1 мамыр күні Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы наразылық кезінде ұсталып, әкімшілік жазаға тартылғандар:

Тұрсынкүл Жоланова (Алматы) - 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды;

Құрбанбек Шоланұлы (Алматы) - 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды;

Жазира Демеуова (Алматы) - 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды;

Ермекбол Тілеухан (Нұр-Сұлтан) – 10 күнге қамалды;

Бибігүл Тұяқова (Нұр-Сұлтан) – 40 АЕК көлемінде айыппұл салынды;

Алтынбек Орынтайұлы (Нұр-Сұлтан) – 5 күнге қамалды;

Әлімжан Ізбасаров (Нұр-Сұлтан) – 5 күнге қамалды;

Құдайғашүкір Абдуллаев (Алматы) – 10 күнге қамалды;

Исламжан Темірғали (Алматы) – 10 күнге қамалды.