Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтында «CYBER-QORĞAÝ-2019» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтті. Іс-шара «Қазақстан киберқалқаны» атты киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде және де киберқауіпсіздік саласындағы оқыту жүйесін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылды.
Конференцияның негізгі мақсаты – киберқауіпсіздік саласының өзекті мәселелерін талқылап, осы бағытта қызмет атқаратын мамандардың қауымдастығын құру, сонымен қатар мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін арттыру.
Жиынға ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясы, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің академиясы, ҚР Ішкі істер министрлігі академиясы және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушылар құрамы қатысты.
Ғылыми-теориялық конференцияда ақпараттық киберқауіпсіздік саласында қызмет атқаратын мамандар өз тәжірибесін бөлісіп, ақпараттық инфрақұрылымды қорғау бағытында пікір алмасты.
Сондай-ақ, мамандар білікті кадрларды әзірлеу жолында атқарған жұмыстарын тілге тиек етіп, тақырып төңірегіндегі ойларын ортаға салды. Жиын барысында спикерлер киберқауіпсіздіктегі өзекті мәселелерді сөз етіп, заманауи қоғамның әлеуметтік-саяси және техникалық аспектілерінде заманауи қатерлерге қарсы тұру шаралары туралы баяндады.
Сонымен қатар, Ресей елінің қауіпсіздік саласында қызмет атқаратын мамандар да ғылыми шараға қатысып, киберқауіпсіздік саласындағы тәжірибелерін бөлісті.
Еске сала кетейік, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында кибер-қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасын іске асыру және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мәселелерді шешу қажет екендігі көрсетілген болатын. Бүгінде «Қазақстанның киберқалқаны» киберқауіпсіздік тұжырымдамасы негізінде ауқымды жұмыстар атқарылуда.