21 сәуірде Алматыдағы марафон кезінде «Шындықтан қашып құтылмайсың» атты баннердің авторлары Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков 15 күн қамаудан кейін бостандыққа шықты, деп хабарлайды Азаттық.
Әсия Төлесованың сөзінше, оларды босату туралы шешімді түрме әкімшілігі, 5 мамырда жүргізілген медициналық тексеруден соң қабылдаған.
- Бейбарыстың қан қысымы жоғары болған екен. Менің де денсаулығымның әлсірегені анықталды. Мұнан соң түрме әкімшілігі бізге бүгін босататындарын хабарлады. Салмақ тастадым. Бірақ қазір халім жақсы, - деді ол.
Төлесованың анасы Жанар Жандосованың Азаттыққа айтуынша, 5 мамырда кешкі сағат 19.30-да Әсия түрмеден телефон шалып, өздерін босатып жатқанын айтқан. Екі белсендіні үйге түрме қызметкерлері әкелген.
- Әсия мен Бейбарысқа кесілген 15 тәулік жаза мерзімі 6 мамырда 9.00-де аяқталуы керек еді. Түрме әкімшілігі ертең жұрт жиналады деп қорықса керек. Екеуі де сергек отыр, жағдайлары жақсы, - деді ол.