Нұр-Сұлтанда шайбалы хоккейден бірінші дивизионның А тобындағы әлем чемпионаты аяқталды. Соңғы жарыс күнінде Қазақстан Венгрияны оңай жеңіп, әлем біріншілігінің бірінші дивизионының чемпионы атанды, деп хабарлайды sports.kz.
Cоңғы матчтың 23-ші минутында Никита Михайлис есеп ашса, 41-ші минутта Антон Некряч көзге түсті. 45-ші минутта венгрлер жауап қайтарғанымен, 57-ші минутта Евгений Рымарев мергендігімен танылды.
Осылайша, Қазақстан командасы 3:1 есебімен жеңіске жетті.
Естеріңізге сала кетейік, Андрей Скабелканың шәкірттері дивизиондағы азулы командалардың бірі - Беларусь құрамасын 3:2 есебімен ұтты. Бұл матч аталмыш чемпионат барысында овертаймға дейін созылған жалғыз кездесу. Сондай-ақ, біздің құрама Оңтүстік Кореяны (4:1), Литваны (3:1) және Словенияны (3:2) жеңген болатын.
Чемпионаттағы бес матчта жеңіске жетіп, 14 ұпай жиған Қазақстан командасы элиталы дивизионға жолдама алды. Сонымен қатар, турнирдің күмісін иеленген Беларусь құрамасы да жоғарғы дивизионға өтеді. 9 ұпай жинаған Оңтүстік Корея үшінші орында болса, 4 орында - Словения, 5 орында - Венгрия. Ал, бар жоғы 3 ұпайды қанағат тұтқан Литва құрамасы А тобынан сырт қалды.