06.05.2019, 05:44

Министр Сапарбаев 160 мың отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғанын хабарлады

Еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жұмысы қалай атқарылып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ел ішіне жасалған жұмыс сапарлары аясында әлеуметтік сұрақтардың барлығына жауап берілді. Оның қалай шешілетіні жөнінде айтылды. Сіздер білетіндей, министрліктің қасында мемлекеттік органдармен бірлесе құрылған жұмыс тобы бар. Осы өткен 4 айдың ішінде жұмыс тобы 11 отырыс өткізді. Жалпы, қазіргі таңда 160 мың отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Ол шамамен - 806 мыңдай халық. 10 мың отбасыға АӘК тағайындалған жоқ. Себебі, олар берілген талаптарға сәйкес келмейді. Яғни, табыстары белгіленген критерийден асып тұр», - дейді Бердібек Сапарбаев Үкіметтің баспасөз орталығында. Министрдің айтуына қарағанда, қазіргі таңда тек сәуір мен мамыр айының өзінде АӘК үшін 23 млрд теңге бөлінген. «Жалпы жыл бойы атаулы әлеуметтік төлемді төлеу үшін 130 млрд теңге тағайындалған. Орта есеппен әрбір отбасыға 105 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Бір айта кететін мәселе: әлеуметтік желіде кейбіреулер бұл төлем бірінші тоқсанда төленеді деп жатыр. Қайталап айтарым: төлем жыл бойы төленеді. Бірақ, оның ережесіне сәйкес табыс жыл сайын, тоқсан сайын нақтыланып отыратын болады», - дейді министр.