Instagram әлеуметтік желісінде @janym_baklajanym лақап атымен танымал Айдын Тоқсанбаева балалар ерекше жандарды көріп, көз үйретіп өсуі тиіс деген пікірде. Үнемі қайырымдылықпен айналысып жүретін үшемнің анасы бұл туралы желідегі парақшасында жазды.
«Балалар кішкентайынан ерекше жандарды көріп өсу керек. Оған жауапты ата-анасы. Біздін қоғам ерекше балаларды ортамыздан бөліп тастаған. Себебі оларға қасымызда жүре алатын жағдай жасалмаған. Мысалы коляскаға отырған бала не үлкендер кез келген жерге өздігімен жете алмайды, себебі 2 аяғы сау біз әрен өтеміз.
Балаларға оралсақ, қарттар үйі, балалар үйі, ерекше жандар орталығы не тағы да басқа сауапқа толы жерлерді іздеп отырып балаларынызбен барып, тамшыдай жақсылықтарыңызды жасауды ұмытпаныздар. Себебі болашақ осы балаларымызда, қазірден барлығын көріп, біліп өссе, ертең мейірімді болады. Әр бала «көмектессем екен» деп іштей ниеттеніп армандайды, ал ата-анасы «көмектесу үшін білімді болып, қоғамды өзгерте алатындай дәрежеге жет» деп түсіндіріп жіберсе бәрі де күшті болады деп ойлаймын.
Өз басым шараларға балалармен баруға тырысамын, біреулер айтуы мүмкін «ой, қазір олар не түсінеді?» деп, қателесесіз, балалар барлығын түсінеді, біледі», – деп жазды ол.
Еске сала кетейік, Айдын былтыр 1 ұл баланы дүниеге әкелген. Қалған екеуін асырап алғанын үнемі ашық жазып отырады.