Қала дәріханаларында орын алып отырған осы жағдайға байланысты тиісті мамандар өңірлік коммуникациялар қызметінде бұқаралық ақпарат құралдарына түсінік берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Бұл ешқандай жаңадан шыққан заң емес. Елімізде бұрыннан бар. Рецептімен берілетін дәрілер бар, рецептісіз берілетіндері бар. Бұл жерде фармацевттердің сауатсыздығынан осындай жағдай орын алып отыр. Дәріханалардың ішінде сенім телефондары тұр, дәріні берсе де, бермесе де телефон шалып, анық-қанығын біліп алыңыздар. Дәрілік препараттарды сатумен тек арнайы білімі барлар ғана айналысуы тиіс. Халық арасында айқай-шудың туындауына фармацевттер кінәлі»,-деді Атырау облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Темірбек Мусағалиев.
Бұрын кепілдендірілген тегін медициналық көмек бойынша берілетін дәрілердің рецептін үш жыл бойы сақтау керек болатын. Ал, енді дәрігердің берген барлық рецепті дәріханада қалып, үш жыл бойы сақталуы тиіс және оған фармацевттер жауапты екен. Осындай өзгерісті дұрыс түсінбеген кәсіпкерлер жауапкершіліктен қорқып, тұтынушылардың бәрінен рецепт сұраған.
Алдағы уақытта Атырау облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті облыстағы барлық дәріханадағы қызметкерлерді шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.