Қызылорда қаласында 15 жастағы жасөспірім жүргізген көлік апатқа ұшырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқиға Абай даңғылы мен Қ.Ажаров көшесінің қиылысында болған. 2004 жылы дүниеге келген жасөспірім «Nissan Europe» көлігімен Тасбөгет бағытына келе жатқан. Сол сәтте алдында кетіп бара жатқан «Renault Duster» автокөлігінің артқы жағынан соққан.
«Нәтижесінде жүргізуші мен оның баласы жеңіл жарақат алған. Басқа зардап шеккендер жоқ. Тиісті сот-медициналық сараптама тағайындалды, қорытындысы бойынша шешім қабылданады», - деді Қызылорда облыстық полиция департаменті.
Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын Қызылордада жол-көлік оқиғасынан мотоцикл жүргізушісі көз жұмғанын хабарлаған едік.