Мәжіліс депутаттары ет бағасына қатысты тілшілердің сауалына жауап берді. Бүгінде бірқатар халық қалаулысының видеосы әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп жатыр, деп хабарлайды SN.kz тілшісі inbusiness.kz арнасына сілтеме жасап.
«Етті көп жейсіз бе? Қанша қаражат жұмсайсыз?» деген сауалға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлжан Қарақұсова «Мен көп жеймін. Қанша жұмсайтынымды санаған жоқпын» десе, оның әріптесі Қуаныш Сұлтанов «Еттің бағасы қымбаттау. Жалақымның жартысы тамағыма кетеді» деп жауап береді.
Видеоны әлеуметтік желіде тамашалаған кейбір желі пайдаланушысы «Депутаттардың жалақысының жартысы 500 мың теңге. Бұл қарапайым 5-6 отбасының ауқатының қаражаты. Асына қарап, қарқ қылып гений болып жатқандары шамалы» деген пікір қалдырыпты.
Сонымен бірге, «Қиын болған екен Қуаныш ағамызға. Жалақымның жартысы кетеді дейді. Біздікі түгел кетеді, тіпті керегімізді ала алмай жүрміз» деп сынның астына алғандар бар.