«Заңгерлер - әділ сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері әлеуметтік желілер арқылы үгіт-насихат ақпараттарын таратудың қаншалықты заңды болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбайдың айтуынша, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы сайлауға үгіттеу заңмен шектелмейді.
«Әлеуметтік желілер, мессенджерлер - қазіргі өмірдің ажырамас бөлігі. Сондықтан бұл құралдар арқылы үгіттеуге тыйым салынбайды. Дегенмен, ондай ақпараттарды тарату кезінде жалпыға ортақ әдептілік нормаларын сақтаған жөн. Сондай-ақ, азаматтардың осы мәндегі ақпараттарды ары қарай алудан бас тарту құқығы сақталғаны маңызды» - деді заңгер. Серік Ақылбай әлеуметтік желі арқылы үгіт материалдарын тарату өзге бұқаралық ақпарат құралдарына арналған ережемен реттелетінін де ескертті.