Өңір басшысы Б.Атамқұлов Мақтарал ауданына қарасты жалпы орта мектепте орын алған жағдайды өзі назарға алып, қатаң бақыламақ. Естеріңізге салсақ, «Еуразия 1»телеарнасының 2015 жылғы 9 қарашадағы жаңалықтар бағдарламасында Оңтүстік Қазақстан облысында жоғары сынып оқушылары сабаққа қатысудың орнына, мақта жинаумен айналысып жүр деп хабар таратылған болатын.
Осыған орай, Мақтарал ауданының прокурорлары қазан айының 20-27 күндері аудандағы 10 мектепте оқушылардың сабаққа қатысу барысын тексеріп, білім бөліміне заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс берген.
Ол бойынша білім мекемелерінің басшыларына, атап айтқан А.Фердоуси атындағы ЖОМ директоры Қ.Басиевке «қатаң сөгіс», №38 М.Тұрсын Заде атындағы ЖОМ директоры З.Узаковаға «сөгіс», Асыл Мұра ЖОМ директорының міндетін атқарушы А.Жораеваға «сөгіс», қалған мектеп басшыларына «ескерту» түріндегі тәртіптік шаралар көрілді. Сонымен қатар, аудандық білім бөлімінің кезекті Кеңесінде А.Навой атындағы ЖОМ директоры К.Нуфтуллаевтың бұған дейінгі алған тәртіптік шаралары ескеріле отырып, қызметіне сәйкес еместігі қаралатын болады. Ал оқушылар мен ата-аналар арасында заң талаптары аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Бұл мәселе алдағы уақытта облыстық білім басқармасының бақылауында болады. Әрбір қызметкер өз жұмысын жауапкершілікпен атқаруы тиіс деген өңір басшысы Б.Атамқұлов осы жайтты өзі жіті назарға алып, қатаң бақылайтынын жеткізді.