Ұлымды өлтірген қылмыскерлер бостандықта жүр! Тұңғышынан ойда-жоқта айырылған ата-ана осылай деп зар жылап отыр. Ерлі-зайыптылардың бауыр еті баласы бес ай бұрын кісі қолынан қаза тапса да, қылмыстық іс дұрыс тергелмей, сиырқұйымшақтанып кеткен. Тіпті іске еш қатысы жоқ тұлғалар сот алдында жауап беріп жатқан көрінеді. Төбелестің құрбаны болған жігіттің туыстары әділдік іздеп әлек.
«Тұла бойым тұңғышым еді. Енді биыл келін алайын деп жоспарлап қойғанмын. Бәрін дайындап қойғанмын», – деп жылайды марқұмның анасы.
Келін түсіріп, немере сүйемін деп отырған отбасы тұңғыштарынан айырылғалы бес айдан асқан. Адам қолынан мерт болған соң шындық іздеп шырылдап жүр. Өйткені, Алатау ауданының тергеушілері істі бұрмалап, сот алдында кінәсіздерді жауапқа тартып жатыр, дейді. Ұлдарын көкала қойдай сабап, пышақтап, азаптап өлтірген нағыз қылмыскерлер бостандықта жүр деп күйінеді, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».
«Тергеушілерге сенбеймін. Ешкімге сенбеймін. Жасырып, екі адамды отырғызып қойды. Құдайдан жеткірлер тайраңдап жүр. 10 адамның бәрін, үкіметтің бәрін сатып алса, Алланы сатып алмайды. Жазасын беретін шығар», – дейді марқұмның анасы Өмірхан Әміржан.
Қырғын төбелес марқұм Данияр Асқарбектің жолдасымен дәмханаға баруынан басталады. Көрші үстелде ішімдік ішіп, дастарханға түкірген жігіттерге ескерту жасағанында олар текетіреске шақырыпты. Сөйтіп, 12-қаңтар күні 4-5 қара көлікке мінген, отыз шақты бала оларды тура жатақхананың алдынан күтіп алады. Әуелгіде «беске бес» жекпе-жекке шығасыңдар деп бұйырғанымен, қолдарына пышақ ұстағандар сөздерінен тайып, жабыла кеткен.
«Бір адам пышақтауы мүмкін емес. Өйткені артынан жүгіргеннің бәрінде пышақ болды. Мен көрген алтауында пышақ болды. Бірінші болып пышақты Әуез өзі алды. Одан кейін таратты. Ешқайсы сотта жоқ. Сотта тағы біреуі болды. Оның қатысы жоқ», - дейді марқұмның досы Асхат Ермек.
«Үлкен пышақпен ішінің кіндік тұсының 20 см жерін, жүрек пен асқазан ортасындағы қантамырын кескен. Бүйректі екі жарып, арқа қантамырына барған. Міне, осылай аяусыз түрде өлтіріп отыр», – дейді марқұмның әкесі Асқарбек Дүйсенбек.
Аяусыз өлтіргендердің қолдарында үлкен пышақ болған, дейді қара жамылған отбасы. Ал заң алдында жауапқа тартылып жатқан жігіт судьяға берген жауабында марқұмға екі рет ашылып-жабылатын қалта бәкісін сұғып алғанын айтты. Бірақ төбелеске шақырған бірде бір «досын» танымай отыр. Әуелгіде тергеушілерге басқа түсінік беріп, бүгін бәрін мойнына алды.
«Ол маған қарай жүгірген кезде ішіне тығып алдым. Одан кейін сезбеді. Артынан тағы тығып алдым», – дейді күдікті.
«Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, ірі тамырлары зақымданған. Төбелес барысында Аяповта қарсыласы Асқарбековке қасақана ауыр зиян келтіру туралы ой туындаған», – дейді прокурор Дінмұхамбет Махамбетқұл.
Марқұмның туыстарын күмәндандырып отырғаны да осы. Өйткені куәгерлер күдіктілердің ол төбелесте болмағанын жайып салды. «Алматыда тірі жүргізбейміз» деп қорқытқандар жазадан құтылып кете ме деп алаңдаулы. Сондықтан әділдік болмаса, жоғарғы сотқа дейін арыздануға бекінген.