Алматылық азамат қаланың сыртына қоқыс төгіп жатқан көлікті байқап қалып, оны видеоға түсіріп, желіге жариялайды. Алматы облысы Қарасай ауданы әкімнің баспасөз қызметі бұл оқиғаға қатысты жауап берді, деп хабарлайды SN.kz тілшісі.
Видеожазбада «Сіздер мұнда қоқыс тастап жатырсыздар ма?» деген тұрғынның сауалына табиғатты ластаушылар жалтармастан «Иә» деп жауап береді. Ал «Сіздер неге тұрмыстық қалдықтарды мұнда төктіңіздер? Бұл жер қоқыс орны емес қой! Сіздер бұл әрекеттеріңіздің заңсыз екенін білесіздер ме?» деп қоршаған ортаға жанашырлығын білдірген азаматқа қоқыс тастаушылар немқұрайлылық танытады.
Тұрмыстық қалдықты шалғындық жерге үйіп кеткен көлік жүргізушісінің кім екені анықталды.
«Желіде тараған видео арқылы және белсенді желі қолданушыларының арқасында қоқысты заңсыз төккен азаматты таптық. Заң аясында ол өз жазасын алып, оған 50 500 теңге көлеміндегі айыппұл салынды», – дейді Алматы облысы Қарасай ауданы әкімнің баспасөз қызметі.