Қызылорда қаласы аумағындағы Қараөзек стансасы маңындағы каналға шомылмақ болған 14 жастағы жасөспірім суға батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол 2005 жылы дүниеге келген. Жасөспірім Қараөзек стансасындағы №128 негізгі мектепте 7 сыныпта оқиды. Дәл осындай жағдай Байқоңыр қаласында тіркелді. Аталмыш қаладағы №272 мектептің 2 сынып оқушысы Сырдария өзенінің рұқсат етілмеген аумағында суға түсіп, тілсіз жаудың құрбанына айналды.
Қызылорда облысында жыл басынан бері 5 адам суға кеткен. Оның екеуі бала. Былтыр дәл осындай жағдайдан 22 адам көз жұмса, оның 8-і жасөспірімдер.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Омар Бержановтың айтуынша, қауіпсіздік ережелері сақтала бермейді. Ересектер балаларды қараусыз қалдырады. Сондай-ақ, облыста талапқа сай келетін жағажайлар санаулы. Оның бірі Шиелі ауданы аумағында тіркелсе, қалған екеуі Қызылорда қаласында орналасқан.