Халық банк төрағасы Үміт Шаяхметова теңгеге сенім қайтарылады, деп есептейді. Бұл туралы ол 18 қараша күні банктің жылдық есеп беру кезіндегі баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп жазады 7kun.kz
«Теңгеге деген сенім қайта қалпына келіп жатыр. Мысалы, біздің кейбір клиенттер қолдарындағы бар долларды сатып, теңгеге ауыстыруда. Бұл тенденцияның енді басталғанының белгісі» — деді ол.
Сондай-ақ, ол ҚР Президентінің Ұлттық банк басшысына теңгеге деген сенімді қайтару туралы берген тапсырмасы орынды деп есептейді.
«Біздің басты міндетіміз- теңгеге сенім білдіру. Егер теңгеге сенім білдірмесек, басқа нәрсеге сенуге тура келеді. Бізде валютаға сенімнің жоғалуы тікелей девальвациямен байланысты. Девальвация болмайды деп айтқанмен, 2 аптадан соң ол басталды. Осыдан кейін сенім болмауы мүмкін ғой. Бұлай айту дұрыс емес. Ұлттық валютаға деген сенім болады. Бірақ ол үшін біраз уақыт керек», — деді Халық банк басшысы.
Ал Қазақстанның 2016-2018 жылдарға арналған бюджетінің долларға қатысты 300 теңге деп белгіленуін төрайым қалыпты баға дейді.
«Бюджетке қатысты түсініктеме беру қиындау. Себебі, қаржының төлем қабілеттілігін нақты байқай алмай отырмыз және біз мәліметтердің қалай болатынын білмейміз. Оның үстіне, теңге курсы төмендеп, шегіне жетті. Сондықтан бюджеттің 300 теңгемен белгіленуі қалыпты деп санаймын», — деді ол.