Тараздық 26 жастағы жігіт Дәулет Кеңесбек ғарышқа деген арманы авиация саласына қалай әкелгенін баяндап берді, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Дәулет инженерлер отбасында дүниеге келген. Ата-ана жолын жалғастыру мақсатында мектеп бітірген соң Назарбаев университетінің инженерлік факультетіне оқуға түскен.
«Ұшқыш боламын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Армандамағам да. Авиация саласына университет бітірген соң құжаттарымды тапсырдым. Арманым – ғарышқа ұшу еді. Мен «Эйр Астана» әуекомпаниясына алғаш рет келгенімде не болатынын елестете алмадым. Тіпті дайындалмадым да», - деп таңғалысын жеткізді.
Бірақ Дәулет әуекомпанияның іріктеуінен өтіп, бірден Испанияда ұшқыштарды даярлауға жіберілді. Онда бір жыл үш ай оқыды.
«Алғаш ұшақтың рөліндегі тетіктерді көргенде қатты қорықтым. Оқытушы екі апта ішінде өзім ұшыратынымды айтқанда мүлде сенбедім. Бірақ 16 күн ішінде ұшақты өзім басқаратындай меңгеріп алдым», - деп баяндайды Дәулет.
2016 жылдың 11 қыркүйегі оның мәңгі жадында. Себебі сол күні Дәулеттің Испаниядағы алғашқы ұшу жаттығуы өткен болатын. Оқу барысында Дәулет 150 сағат ұшты.
«Ұшу жаттығуы қас-қағым сәтте өтіп кетті. Қорқынышты сезініп те үлгермедім, тек қуаныш сезімі кеудемді кернеді. Мен бәрінен ұшақтың өзім қондырған сәтімді сезінгім келді», - дейді ол.
Дәулет бір жылдан бері ұшақты өз бетімен қондырып жүр. Алғашында қиындықтар болғанымен, жас ұшқыш борттағы адамдардың өмірі үшін жауапты екенін біледі.
2018 жылдың 11 мамырындағы Астанаға оралған алғашқы сапары туралы пилот: «Тренажер алдында жаттығуымыздың арқасында ұшу кезінде екі түрлі сезім болды. Кейде мен ұмытып, әлі де симулятордамын деп ойладым, бірақ борттағы адамдарды менің жауапкершілігімде және ұшақтың жүз тоннаға жуық екенін түсіндім. Осы нәрсе ғана менің ойымды жинақтап отырды», - дейді ол.
Қазір Дәулет халықаралық рейстерге шығып жүр. Бір жыл ішінде ол 14 елге барып, 180 рейс жасады.
«Авиация саласы арқылы бүкіл әлемнің жаһандануына куә болып жүрмін. Лондон мен Франкфурт әуежайларымен салыстырғанда Қазақстанда ұшақтар саны көп емес. Ол жақта ұшақтар минут сайын ауыстырылады. Әзірге оқыс оқиға болған жоқ. Бірақ бәрібір біз жыл сайын кәсіби тексерістен өтеміз», - дейді ол.
Жас ұшқыш өз жұмысын жақсы көретіні соншалық, кезінде тәуекелге бел буғанына риза. Әрине, барлық іс басында өз қиындығымен келетінін мойындайды.
«Менің ойымша, авиация – менің өмірім. Басында бәрі қиын ғой, жүзе алмайтын баладай сезіндім. Авиация көзқарасымды өзгертті. Біз барлығымыз бір-бірімізге тәуелдіміз. Сондықтан біздің мақсатымыз бір – ол адамдардың қауіпсіздігі. Мен командирмен өте жақсы қарым-қатынастамын. Әкемдей көремін. Ондай бақытты ақшаға сатып алу мүмкін емес, бұл маған берілген үлкен бақ», - дейді Дәулет.
Дәулет балалық шағынан ғарышқа баруды армандайды.
«Менің әкем бала кезімнен Гагарин туралы көп айтатын, ол менің қаһарманым. Қазір бәрі дамып келеді, авиация да. Біз қазіргі қолда бар нәрселерге кезінде қол жеткізе аламыз деп ойламадық. Гагарин секілді ғарышқа ұша салам деп ойламаймын, бірақ кім біледі... Авиацияға түсу мүмкін емес деп ойлайтындарға айтарым – бәрі де өз қолыңда», - деп сөзін түйіндеді Дәулет Кеңесбек.