Бөкей ордасы ауданындағы облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығында Жәңгір хан құдығы қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді, деп жазды ҚазАқпарат.
Бұл құдық заманында Хан ордасын сумен қамтамасыз етіп тұрған. Қазақстанда хан құдығы бұрынғы өз орнында алғаш рет қалпына келтіріліп отыр. Хан құдығының бұл нұсқасы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, этнограф-ғалым Тәттігүл Қартаева жетекшілік ететін «AP05135126 - Қазақстанның аридтік аймақтарында сумен қамтудың дәстүрлі әдістері: этнологиялық және геоархеологиялық тұрғыда қарастыру» атты іргелі ғылыми жоба негізінде жүзеге асты.
Ғалымның сөзіне қарағанда, хан құдығы жергілікті қарағай ағашынан сұрыптау әдісімен, 1827 жылы Жәңгір сыздырған карта-схема негізінде құдықтың бұрынғы болған, тарихи орнында қайта жасалды.
Хан құдығының құрсаулы шелегін, сабын, су ішетін саптыаяғын ағаш шебері, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясы сәндік қолданбалы өнер кафедрасының аға оқытушысы, реставратор Мақсат Мағзұмов қалпына келтірді. Сондай-ақ ағаш кесу, сұрыптау, шығырын орнату жұмыстарына жергілікті ағаш шеберлері Өмірбек Серғалиев, Жандарбек Бегеев, Табиғат Саматов, ал қазу, өлі топырағын, суын шығаруға музей қызметкерлері тартылды.
Жәңгір хан ордасы құдық суын ауыз суға да, шаруашылыққа да пайдаланған. Бұл ордада болған зерттеушілер мен саяхатшылар Орданың салыну барысымен бірге құдық құрылысын да сипаттап жазып кеткен. Хан ордасындағы ғимараттар бір-бірімен үйлесімде қалай тұрғызылса, құдық та ағаштан, бір ыңғайда жасалған. Құдық Хан ордасы құрылысының ажырамас бөлігі болған. Жәңгір хан уақытында Хан ордасында болған М.Я.Киттары «Ставка Хана Внутренней Киргизской Орды» атты еңбегінде хан құдығы суының дәмін қайнар суына теңеген. И.Казанцев «Описание Киргиз-Кайсак» атты еңбегінде Жәңгір ханның басшылығымен қазылған Нарын құмындағы құдық суының таза, мөлдір, тұщылығын артезиан суына балаған.