09.06.2019, 15:29

«Сайлау – бәсекеге түсетін дода»: Қасым-Жомарт Тоқаев көтеріңкі көңіл күймен дауыс беруге келді (ФОТО)

Фото: Zakon.kz
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Бақытжан Сағынтаев та көтеріңкі көңіл күйде келіп, аталған учаскеде таңдауын жасап, дауыс берді.

9 маусым – Қазақстан тарихында өрнегі мен орны бөлек саяси доданың орын алар маңызды күні. Бұл бірнеше айдан бері бәсеке алаңында халықтың сеніміне ие болғысы келген кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесін берер сәті.  

«Астана опера» театрында орналасқан №115 сайлау учаскесі. Бұл жерде мемлекет үшін маңызды шараны назардан тыс қалдырғысы келмеген журналистер қауымының қарасы қалың. Бәрі де мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси маңызы бар шараға келуін асыға күтіп отыр. 

«Біздің сайлау учаскемізде барлығы 2500 адам дауыс береді деп күтіп отырмыз. Сайлауға алғаш рет келіп, өзінің дауысын берген жастарға, туған күні бүгінгі күнге сәйкес келген азаматтарға арнайы сыйлықтар берілетін болады»,- дейді учаскелік сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ләззат Жұмабайқызы.   Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Бақытжан Сағынтаев та көтеріңкі көңіл күйде келіп, аталған учаскеде таңдауын жасап, дауыс берді. Ел ертеңі үшін маңызы зор шараға отбасымен үлес қосып, ат салысып жатқандар көп. Ал мына сүйкімді сәби ақпарат құралдарының назарын өзіне аудармай қоймады.   Көп күттірмеген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та дауыс беру орнына келіп жетті. Дауыс беру сәтінен кейін ол журналистердің сауалдарына жауап беріп, бұл күннің маңыздылығын атап өтті. «Сайлау- бәсекеге түсетін дода. Бұл халқымыздың жарқын болашағы үшін таңдау жасау. Бұл мен үшін үлкен мереке. Халқымыздың ең басты құндылығы татулық, бірлік, ынтымақ. Сондықтан бәріміз ел болып, ұлт болып, басты құндылығымызды сақтауға атсалысуымыз керек» деп президент халықты бірлікке шақырып, атаулы күнмен құттықтады.  Сайлаудың ашық, әрі әділ өтетіндігіне сенім білдірген мемлекет басшысы  «Бүгін сайлауға ерекше жақсы көңіл күймен келдім. Жаңа ғана жағымды жаңалық келді. Еліміздің  мақтанышы Генадий Головкин тағы да жеңіс тұғырынан көрінді» деп жиылғандардан қуанышын жасырмады.  Сайлау учаскесінде  халықаралық  бақылаушыларды қосқанда  13 тәуелсіз байқаушылар  болды. Солардың бірі  «Аманат» азаматтық платформасының атынан келген бақылаушы Рүстем Қаби «Тәуелсіз бақылаушы ретінде өзімнің халықтың сенімді өкілімін деп санаймын. Біз бәрінің ашық, әділ өткенін бақылап, сүзгіден өткізіп отырамыз. Қандай да бір заңсыздықтар болса назардан тыс қалдырмауға тырысамыз» дейді. Ол сонымен қатар  келушілердің құжаттарын тексеріп, дауысты санау процесіне де қатысатындығын атап өтті.  «Мен Тоқаевтың дауыс беретін учаскесіне бақылаушы болып келгенімді ерекше қуанышпен қабылдадым. Мемлекет басшысын тікелей өз көзіммен көріп, ерекше әсерде отырмын. Қарапайым қатардағы азамат ретінде дауысын беріп, ел ертеңіне алаңдайтынын шынайы білдіріп  жатқандығының куәгері болдым»,- деп елеулі сәтте бақылаушылар қатарынан табылғанына  Рүстем Қаби өзінің  ризашылығын байқатты.   Қазіргі уақытта ел ішінде 48 сайлау учаскесінде дауыс беру процесі жүргізіліп жатыр. Аптаны мемлекеттік маңызы бар шешіммен түйіндейтін сайлау уақыты 20.00-де дейін жалғасатын болады.   

Тегтер: сайлау2019