Бүгін еліміздегі кезектен тыс Президент сайлауына қатысып жатқан 7 кандидат та дауыс беріп, соңынан өз ойларымен бөлісті, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Иә, бүгін Президент сайлауына қатысатын кандидаттардың барлығы түске дейін өз таңдауларын жасап үлгерді. Ең соңғы болып «Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан кезектен тыс президент сайлауына қатысып жатқан Әміржан Қосанов дауыс берді. Нұр-Сұлтан қаласындағы саяси өмір қыза түсті. Олай дейтін себебіміз: Президентікке үміткер 7 адамның барлығы бас қалада дауыс беріп жатыр.
Кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана Опера» театрында орналасқан №115 сайлау учаскесіне келіп өз таңдауын жасады. Бұл учаскеге барлығы 2 500 адам тіркелген. Тоқаевтың пікірінше, бүгінгі ерекше күн заңға сәйкес демократиялық жолмен өтуі тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Президенттікке кандидат:
- Сайлау жалпы меніңше бұл үлкен мереке. Бұл қақтығыстың алаңы емес. Бұл үміткерлердің ұсыныстары, бағдарламалары бәсекеге түсетін дода. Біздің еліміздің ең басты құндылығы бұл – татулық, бірлік, ынтымақ. Сондықтан бәріміз ел болып, ұлт болып бұл ең басты құндылықты көздің қарашығындай сақтауымыз керек.
Дәния Еспаева - Қазақстандағы президент сайлауына түсіп жатқан алғашқы әйел. Ақжолдық кандидат Еспаева мен коммунистік халық партиясының өкілі Жамбыл Ахметбеков отбасымен бір учаскеде дауыс берді.
Жамбыл Ахметбековтің 91 жастағы анасы мен жары Қарлығаш осында өз таңдауларын жасады. Жамбыл Аужанұлының өзге үміткерлерге қарағанда саяси науқандағы тәжірибесі баршылық. Оның бұған дейін де президент сайлауына қатысқаны белгілі.
Жамбыл Ахметбеков, Президенттікке кандидат:
- Екеуінің арасы жер мен көктей деп айтуға болады. Ол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен сайлауға түсу қиындау болды. Ал қазіргі кезде барлық кандидаттарға бірдей мүмкіншілік беріп отырғаннан кейін біз жеңіске жетеміз деген ойдамыз.
Ал «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Сәдібек Түгел сайлау учаскесіне қазақы шапан киіп келді. Оған жары мен немерелері қолдау білдірді. Саяси додаға Республикалық кәсіподақтар үкілеп қосқан Амангелді Таспихов сайлаушыларды белсенді болуға шақырды.
Аманкелді Таспихов, Президенттікке кандидат:
- Мен үшін жұмыс істеп мен үшін үгіт насихат жұмыстарын жүргізген барлық азаматтарға шын жүректен алғысымды айтқым келеді. Сайлауға барлықтарыңыз келіңіздер, дауыс беріңіздер. Азаматтық борыштарыңызды орындаңыздар.