Еxit poll нәтижесі бойынша бүгін Президенттің кезектен тыс сайлауы барысында сайлаушылардың 69,94 проценті кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс берген. Бұл туралы елордада өткен брифингте «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Талғат Қалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Exit poll нәтижесі бойынша кандидаттарға дауыс былайша бөлінді: Жамбыл Ахметбеков - 3,06 процент, Дания Еспаева - 4,78 процент, Әміржан Қосанов - 14,96 процент, Төлеутай Рахымбеков - 2,71 процент, Амангелді Таспихов - 2,63 процент, Қасым-Жомарт Тоқаев - 69,94 процент, Сәдібек Түгел - 1,92 процент», - деді брифингте «Жастар» орталығының басшысы. Талғат Қалиевтің айтуына қарағанда, Exit poll бүгін таңғы 7-ден кешкі 8-ге дейін жүргізіліп, онда сайлау учаскесінен шыққан әрбір бесінші сайлаушы сұралған.
«Республика бойынша 12 мың сайлаушы сауалға жауап берді. Қазақстанның барлық аймақтарындағы 300 сайлау учаскесінде респонденттерден жауап алынды», - деді ол.