$ 494.87  520.65  4.91

Жезқазғанда «Ұлы Дала мұрасы» xалықаралық музейлер фестивалі басталды

Фестиваль аясында Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайы, Түрік Республикасының Анкара университеті мен Астрахань музей-қорығы арасында ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.

Қарағанды облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен Жезқазған тарихи-археологиялық музейі ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалаларын жүзеге асыру аясында, Жезқазған қаласының 65 жылдық мерейтойы қарсаңында 2019 жылдың 11-13 маусым күндері «Ұлы Дала мұрасы» атты Халықаралық музейлер фестивалін өткізді.

Іс-шараның мақсаты – тарихи-мәдени мұраны сақтау және насихаттау, қазақ халқының тарихын зерттеу және тереңдете тануға тырысу, тарихи жайттардың ұмытылған сәттерін еске түсіру, Ұлы даланың өзіндік мәдениеті мен бірегей өркениетін бойына сіңірген ата-бабаларымыздың өмірі туралы деректі және тұрмыстық естеліктерді қайта жаңғырту. Халықаралық музейлер фестивалін өткізу жолымен шетелдік музейлер мен архивтер арасындағы байланысты нығайту.

Фестивальге шетел және республикалық музейлер мен архивтердің қызметкерлері қатысты. Шетел тарапынан Қытай, Түркия, Ресей, Өзбекстан және Моңғолия елдерінен, республика бойынша 18 музейдің қызметкерлері қатысты.

Фестивальге қолдау көрсетуші – Қарағанды облысының әкімдігі мен Қарағанды облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы.

Фестиваль Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің (Алашахан көшесі, 22) ұйымдастыруымен 11 маусым күні сағат 10.00-де салтанатты түрде ашылды.

Фестиваль барысында өткен іс-шаралар:

· «Ұлы Дала мұрасы» – музейлер фестивалінің салтанатты ашылуы;

· «Тарихта өз атыңды қалдыр» – музей алаңында Ұлытау-Жезқазған өңірінің тұрғындары арасында жәдігерлерді жинақтау мақсатында ұйымдастырылған акция қорытындысы;

· «Хас шеберлер шеруі» – музей алаңында жергілікті қолөнер шеберлері мен суретшілердің қатысуымен өткен шеберлік сабақтары;

· «Ұлы Дала мұрасы» экспозициясы мен «Ұлы Дала жауһарлары» көрмесінің ашылуы;

· Халықаралық музейлер фестивалінің қатысушыларымен өткен баспасөз-конференциясы;

· Меморандумға қол қою рәсімі;

· «Көне дәуір куәгерлері» – құнды әрі сирек кездесетін жәдігерлер таныстырылымы;

· «Музей қызметінің жаһандық жаңаруы – заман талабы» – музей мамандарына арналған семинар-тренинг;

· «Ұлы Дала – түркі әлемінің бесігі» – Ұлытау-Жезқазған өңірінің Сакралды жерлеріне экскурсия.

Қазақстанның азаттық символына айналған Алтын адамның көшірмесі Жезқазғанның тарихи-археологиялық музейінде де орын тапты. Көшірменің авторы, музейдің ғылыми қызметкері – Кешубай Байдильдинов, киімін дайындаған, суретші-безендіруші – Сәбира Өткелова.

Фестивальдің негізгі мақсаты қазақ тарихына қатысты деректерді жинақтап, өзге елдердің және еліміздің архив, музейлерімен байланыс орнату болғаны себепті, шетел архивтері мен музейлері Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің қорына өткізуге құнды құжаттар мен суреттер әкелді:

Қытай елінен келетін қонақтар 18 ғасырдағы Қазақстан мен Қытай арасындағы жібек саудасына қатысты құжаттардың көшірмесін;

Моңғолия елінен келетін қонақ қазақ диаспорасының Моңғолия аймағында алғашқы кезеңдерде қалай қоныстанғаны жайлы құжаттардың көшірмесін;

Өзбекстан елінен келетін қонақтар 19 ғ. аяғы мен 20 ғ. басындағы қазақтарға қатысты құжаттар мен суреттердің көшірмесін табыстады.

13 маусымда, фестивальдің 3-күнінде фестиваль қатысушылары Ұлытау-Жезқазған өңірінің Сакралды жерлеріне экскурсия жасады. Бұл шараның атауы – «Ұлы Дала – түркі әлемінің бесігі».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары