Әмір 6 жасынан бастап Қарағанды қаласының балалар үйінде тәрбиеленген. Приозерск қаласының тумасы. Әкесі ішкілікке салынып, анасы үйден кетіп қалған соң оны бауырларымен балалар үйіне жіберген, деп хабарлайды NUR.KZ.
Әмір өзінің балалық шағын есіне де алғысы келмейді. Көз ашқалы ішімдікке салынған әкесінің анасына көрсетпеген қорлығы қалмапты. Отағасы 4 баласының барына қарамастан, олардың көзінше жұбайын ұрып, күн көрсетпеген.
Зорлық-зомбылыққа төзбеген Әмірдің анасы үйден кетіп қалған. Балаларды ішкіш әкесіне тастап кеткен. Әкесі балаларға қарауға шамасы келмегендіктен оларды құқық қорғаушылар Қарағанды балалар үйіне тапсырған.
«Бала кезімде балалар үйінде өсіп жатқанымды айтуға қатты ұялатынмын. Қарағандыда қарапайым балалар оқитын мектепте білім алдым. Көпшілігі балалар үйінен екенінімді білмеді. Мен 9-класс бітірген соң колледжге түсуді ұйғардым.
Ол кезде аға-әпкелерім балалар үйінен босатылған. Әпкем тұрмыста болғандықтан, мені өз қасына алды. Өмір мені ерте есейтті.
Мен заңгер мамандығына колледжге оқуға түстім. Оқумен қатар даяршы боп жұмыс істедім. Өз оқуымның ақшасын өзім төлеп, ешкімге жалтақтамадым. 1-курс бітірген соң әпкемнің жеке өміріне кедергімді келтірмейін деп әскерге кетіп қалдым», - деді Әмір.
Әмірдің айтуынша, ол әскерге өз қалауымен емес, тұратын жері болмағандықтан кеткен. Үй-күйсіз жүргеннен, ең болмағанда, еліме де пайдам тисін деген оймен кеткен.
Ақтөбеде бір жыл Отан алдында қызметін өтеп, Қарағандыға қайта оралған. Оқуын жалғастырған «Колледж бітірген соң, тұрмыстық техника сататын дүкенде сатушы боп қызмет еттім. Төленетін ақшасы да жақсы болатын. Болашақ жарыммен сол жерде таныстым. Пәтер жалдап, бірге тұра бастадық.
Бастапқыда балалар үйінің қамқорында болғанымды айтуға ұялдым. Кейін өзім туралы барлығын айтып бердім. Оның туған күнінде тұрмысқа шығуына ұсыныс жасадым. Ол келісіп, кейін қағаз жүзінде отбасылы болдық. Қызды болдық, өзімді өте бақытты отбасы ретінде сезінетінмін», - деп әңгімесін жалғастырды Әмір. Алайда, бақыт ұзаққа созылмады. Әмір «балалар үйінің түлектеріне» үй алу жолында қандай мемлекеттік бағдарламалар барын іздестіре бастады. Бірақ оның үміт оты жанбай жатып өшті.
Себебі оны балалар үйі үй тізіміне қоспапты. Өйткені, туған әкесінің атында 2-бөлмелі пәтер болған, мұрагерлік жолмен баласына берілетін болғандықтан тізімге енгізілмепті.
«Бұл үй төртеумізге жазылған. Ағам бірінші шыққандықтан, ол үйде отбасымен және әкемізбен тұрып жатыр. Мен ағамның отбасымен жағаласып тұрмаймын ғой. Егер балалар үйіндегі тәрбиешілерім мені тізімге қосу жағын қарастыруына болар еді. Өйткені, шынымен менің тұратын жерім жоқ қой.
Бірақ бұл жағдаймен ешкім бас қатырмады. Мен өзім үшін жүгіріп, құжаттар жинап жүргенде көп уақыт жоғалтып алдым. Әйтеуір 2015 жылдан бастап тізімге ендім», - деді Әмір.
Соңғы 4 жылда кезек қатты жылжымаған. Еңбек жолында мемлекеттік қызметке ауысып, ақшасы аз болғандықтан жекеменшік компанияға қайта ауысыпты. Мемлекеттік қызметтегі жалақым 83 000 теңгені құраған.
«Мен келісімшарт бойынша әскери қызметте жұмыс істедім. Жалдамалы пәтерімізге отбасы мүшелеріне ақша төлеп тұрғаны қосымша болды. Сонда да ақша жетпеді. Келіншегім декреттік демалыста болғандықтан отбасы қамы менің мойнымда болды. Жұбайым жұмысқа шықса да ақша ақша жетпеді. Қазір өз күшіммен қаражат тауып жүрмін. Бірақ осы қиындықтарға келіншегім төзе алмай, қызын алып, үйден кетіп қалды. Қазір төркінінде», - дейді ол.
Амирдің жолдасы ажырасуға арыз берген. Қызын тіпті жолдасына көрсетпейді екен.
«Мен оларды жанымнан артық жақсы көремін. Осы мақала арқылы жұбайымнан тағы бір мүмкіндік беруін сұраймын. Мен екеуін де бақытты етемін. Әдемі өмір сыйлай алмағаным үшін кешірім сұраймын. Мен үшін оған барлығына төзуге тура келді. Қайтадан барлығын өз орнына қайтарғым келеді. Егер шынымен ажырасуға бекінсе, ұстамаймын. Бақытты болуын тілеймін. Ең бастысы – қызыммен көрісуіме рұқсатын беріп, көмек қолын созуымнан бас тарпаса екен. Қызым мен әйелім үшін мен бәріне дайынмын. Үкіметтен өтінерім, мен сияқты балалар үйінен шыққандарға да жағдай жасаса екен. Мен тегін үй сұрамаймын, аяқтанып алғанша уақытша үймен қамтыса екен. Мен сияқтылар өте көп. Жетімдер осындай тағдыры болғаны үшін кінәлі емес қой.
Бізге ипотекамен үй алуды ұсынады. Оған барлығының жағдайы немесе ай сайынғы кіріс жетпейді ғой. Неге соны үкімет ойланбайды?» деп наразылығын білдірді.
Әмір өзі сияқтылармен Whatsapp-тағы топта араласатынын айтып өтті. Оның сөзінше, 30-ға жуық өзі сияқты адамдар үйге қолы жетпей жүр. Оларды осы тұрмыстық жағдайдың төмендігі біріктіреді.